*ҚАЗАҚ ТІЛДІК САНАСЫНДАҒЫ «ҚЫЗ ҰЗАТУ» ТОЙЫНЫҢ РЕПРЕЗЕНТАЦИЯСЫ
DOI:
https://doi.org/10.55808/1999-4214.2025-4.01Кілт сөздер:
еркін ассоциациялық тәжірибе, психолингвистика, «Қыз ұзату», мәдени код, тілдік репрезентация, тілдік сана, стимул-сөз, реакция.Аңдатпа
Мақала қазақ халқының екі жасқа арналған мейрам-той жүйесіндегі маңызды ғұрыптың бірі – «Қыз ұзату» этномәдени бірлігін психолингвистикалық тұрғыдан кешенді түрде талдайды. Зерттеудің негізгі мақсаты – «Қыз ұзату» стимул-сөзінің адамдардың этномәдени санасындағы тілдік бейнесін анықтау және оның мәдени код ретіндегі қызметін сипаттау. Осы мақсатта еркін ассоциациялық тәжірибе әдісі қолданылып, 17-74 жас аралығындағы 100 респонденттің пікірі жинақталды. Жауаптар семантикалық ерекшеліктеріне қарай жүйеленіп, жиілік көрсеткіштері талданды.
Зерттеу нәтижелері «Қыз ұзату» стимул-сөзі респонденттердің тілдік санасында көпқабатты этномәдени құрылым ретінде сақталғанын көрсетті. Көпшілік қатысушылар этномәдени бірлікті ұлттық мәдени кодтың маңызды бөлігі, қазақ халқының ежелден келе жатқан салты ретінде сипаттады.
Ассоциациялық талдау нәтижесінде стимул-сөздің эмоциялық және мәдени реңктерін көрсететін тілдік бірліктер айқындалды. Мысалы, бақыт, махаббат, қимастық, кету сияқты эмоциялық бірліктер дәстүрдің эмоционалдық табиғатын айқындаса, сәукеле, сыңсу, беташар, ақ бата, той тәрізді лексемалар оның материалдық және рухани қырларын бейнелейді.
Зерттеуде «Қыз ұзату» этномәдени бірлігі тек этнографиялық рәсімді білдіріп қана қоймай, ұрпақтан-ұрпаққа берілетін отбасылық дәстүрді бейнелейтін мәдени кодты тасымалдаушы екені дәлелденді. Бұл қазақ қоғамындағы ұлттық құндылықтардың өміршеңдігін көрсетіп қана қоймай, олардың қазіргі әлеуметтік-мәдени кеңістікте жаңаша интерпретациялануына мүмкіндік берді. Алынған ассоциациялық деректер этнопсихолингвистикалық зерттеулердің аясын кеңейтіп, ұлттық дүниетанымның тілдік бейнесін айқындай түседі.
