ТОНЫКӨК ЕСКЕРТКІШІНІҢ ГРАФИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ОРФОГРАФИЯЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.55808/1999-4214.2025-3.02Кілт сөздер:
көне түркі жазба ескерткіштері, орфография, эпиграфика, Тоныкөк, таңбаАңдатпа
Көне түркі жазба ескерткіштерінің ішінде Тоныкөк ескерткішінің алатын орны ерекше. Өз заманында үш қағанға кеңесші болған дана Тоныкөк ескерткіші жақсы сақталған көлемді Орхон ескерткіштерінің қатарына жатады. 62 жолдан тұратын ескерткіш мәтіні ортағасырлық түркі мемлекеттерінің құрылымынан, тарихи оқиғалардан, Тоныкөктің даналығы мен ерлік істерінен хабардар етеді. Тоныкөк ескерткішінде Білге қаған мен Күлтегін ескерткіштерінде кездеспейтін таңбалар бар. Ғылыми айналымда бұл таңбалардың оқылуына қатысты түрлі пікірлер бар, сондықтан да ескерткіштегі барлық таңбалардың сипаттамасын беріп, графикалық ерекшеліктерін анықтау өзекті мәселелердің бірі. Сонымен қатар Орхон бойынан табылған ескерткіштерге тән ортақ орфографиялық ережелер болғанмен де, Тоныкөк ескерткішінде жекелеген сөздерді таңбалағанда орфографиялық ерекшеліктер кездеседі. Тоныкөк ескерткішінің өзіне тән орфографиялық ерекшеліктерін анықтау мәтінді нақтылауға, дұрыс оқуға, сапалы ғылыми аудармалар мен түсініктемелер әзірлеуге мүмкіндік береді. Жұмыс барысында ескерткіштің әр жылдардағы эстампаждары мен фотосуреттері салыстырылып, ескерткіш бетіндегі таңбалардың сипаты сараланып, автор қолтаңбасы анықталды. Мәтіннен таңбалану ерекшеліктерін анықтау үшін В. Радлов атласында жарияланған ескерткіш эстампажы графикалық редакторлар көмегімен нақтыланып, ескерткіштің соңғы суреттерімен салыстырылды. Орхон ескерткіштеріне тән орфография ережелері Тоныкөк ескерткіші бойынша тексеріліп, ескерткіштің ерекшеліктері анықталып, талдау жасалды. Жұмыс нәтижелерін көне түркі жазба ескерткіштерінің тілін, тарихи грамматика пәндерін оқыту барысында, ескерткіш мәтінімен түпнұсқада танысу үшін де қолдануға болады.
