ЮНУС ЭМРЕ ЖӘНЕ МӘШҺҮР ЖҮСІП ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫНЫҢ ҮНДЕСТІГІ
Кілт сөздер:
жалпыадамзаттық құндылық, рух, ұлттық болмыс, түркі әлемі, гуманизм.Аңдатпа
Бұл мақалада шежіреші, тарихшы, ақын, этнограф Мәшһүр Жүсіптің еңбектері мен сопылық мектептің негізін қалаушылардың бірі түрік ақыны Юнус Эмренің шығармашылығындағы ұқсастықтар мен сабақтастықтар зерделенеді. Мақалада екі ақынның көзқарастары мен шығармалары бүгінгі күн тұрғысынан талданады. Ақындардың рухани үндестіктері мен ұлттық құндылықтар бойынша шығармалары салыстырыла отырып, ұлттық құндылықтардың маңызы туралы сөз болады. Біз қарастырып отырған екі ақынның өмір сүру кезеңдері мүлдем алшақ болса да, ой сабақтастығы мен жан дүниелерінің ұқсастықтары шығармалары арқылы талданады. Екі ақынның шығармалары да жалпыадамзатты имандылыққа, тазалыққа, мәдениет пен парасаттылыққа үндейді. Олардың шығармаларының идеясы жалпыадамзаттық рухани құндылықтар мен жалпыадамзатты сүю. Екі ақынның да шығармаларынның түпкі негізінен Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың үндестігі байқалады.
Мақаланың кіріспе бөлімінде: Юнус Эмре мен Мәшһүр Жүсіптің және Қожа Ахмет Ясауидің танымдық байланыстары мен көзқарастарындағы ұқсастықтар сөз болады.
Екеуі де өмір, өлім, дүние, тағдыр, шындық сияқты адам баласын ойлантатын тақырыптарға басымдылық берген. Сол тақырыптардың түпкі маңызында жатқан сырларды ашуменен адамзаттың тұрмыс жолын, тағдыр мәселесін анық әрі әділетті баяндағаны туралы ой қозғалады.
Мақаланың негізгі бөлімінде: Мәшһүр Жүсіп те, Юнус Эмре де шығармаларында нәпсіні тізгіндеп, кемелділікке қарай ұмтылуға шақырғандығы мысалдар арқылы беріледі. Екеуінің де шығармалары ұлт таңдамайтыны, олардың шығармалары жалпыадамзаттық құндылықтар бағытында екені шығармалары арқылы дәлелденеді.
Юнус Эмренің де, Мәшһүр Жүсіптің де философиясындағы ең маңызды ұғымдардың бірі – адамды сүю екені сөз болады. Шын мәнісінде, әлем әдебиетінің өзінен адамды соншалықты ұлықтайтын және сүйетін ақындарды көп деп айта алмайтынымыз рас. Батыстың гуманизм деп мақсат еткен ойдың дәрежесіне біз айтып отырған ақындар ғасырлар бұрын жеткенін еңбектері арқылы білеміз. Юнус Эмре мен Мәшһүр Жүсіп құндылықтарға жалпыадамзаттық тұрғыдан қарай отырып, адамның діні, тілі, ұлты кім болса ол болсын, бәрі адам деген көзқарасты ұстанады. Сол көзқарастағы еібектері мақаланың негізгі бөлімінде барынша ашылады.
Мақаланың қорытынды бөлімінде: Юнус Эмре де, Мәшһүр Жүсіп те өлеңдерінің барлығына тән болған ортақ ойлар – адамгершілік, әділдік, ақылмен іс қылу, адами болмысты сақтау болғандығын шығармалары арқылы дәлелдей отырып, адамзатты рухани дамытуға күш салғанын дәлелдеуге тырыстық.