АБАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТҮР-ТҮС МӘНДІ ТОПОНИМДЕР
Кілт сөздер:
топоним, ақ, қара, көк, қызыл, ономастика, Абай облысы.Аңдатпа
Ұлттық танымды, мәдениет пен халықтық дәстүрді, әлеуметттік-саяси өзгерістер мен тарихи көріністі тіл білімінде топонимика саласы толықтай көрсете алады. Топонимика бірнеше семантикалық топтарға бөлінеді. Ғылыми мақалада сол семантикалық топтың бірі – түр-түс атаулары негізінде жасалған жер-су аттары қарастырылады. Түс атаулары тіл білімінің барлық салаларында кездеседі. Адам баласы қоршаған ортаны танып, қабылдау арқылы тіл білімінде түрлі сөздер, сөз тіркестері, символ сөздер пайда болды. Соның ішінде түр-түстік символдар әр халық тілінде өзгеше мәнге ие. Түр-түс атаулары негізінде жасалған қазақ топонимикасы – атаулар жиынтығы ғана емес, ұлттық танымды көрсететін тілдік бірліктер жүйесі. Себебі, түс атаулары топонимнің құрамында жаңа мағынаны білдіріп, символикалық қасиеттерін көрсетеді. Ғылыми мақалада Абай облысында кездесетін топонимдер, олардың түс атауларымен байланысы сараланды. «Ақ, қара, көк, қоңыр, қызыл» секілді реңктер арқылы жасалған жер-су атауларына семантикалық және тілдік талдау жасалынды. Талдау барысында Ақбайтал, Ақжал, Ақшоқы, Ақтаулы, Көксүңгі, Көкжартас, Қарабастұз, Қарақол секілді топонимдер қарастырылды. Тақырыпқа сәйкес ғалымдардың ғылыми көзқарастары, пікірлері ескерілді. Түс атауларының символдық мәні көрсетілді.