ҚАДЫР МЫРЗА ӘЛИ ПОЭЗИЯСЫНДАҒЫ АУЫЛ КОНЦЕПТІСІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ БОЛМЫС
DOI:
https://doi.org/10.55808/1999-4214.2026-1.13Кілт сөздер:
Атамекен, қазақ ауылы, адамгершілік, поэзия, ұлттық болмыс, көркемдік сипат.Аңдатпа
Қадыр Мырза Әли – қазақ поэзиясында ұлттық рухты көркем сөз арқылы орнықтырып, шығармашылық болмысын ұлттың тыныс-тіршілігімен тұтастырған көрнекті қаламгер. Ақын поэзиясының негізгі ерекшелігі – халықтық дүниетаным мен күнделікті тұрмысты терең философиялық пайыммен ұштастыра отырып, ұлттық болмысты көркемдік деңгейде бейнелеуі. Оның шығармалары қазақ қоғамының әлеуметтік-психологиялық келбетін, мінез-құлық ерекшеліктерін және рухани дамуын тұтас қамтиды. Қадыр Мырза Әлидің поэтикалық тілі – ауыл ортасында қалыптасқан халықтық сөз қазынасына негізделген. Ақын ұлттық тарих пен мәдениетті, тұрмыс-салт ерекшеліктерін поэзия тілімен нақыштап, ауыл кеңістігі арқылы ұлттық мінезді сомдайды. Осы тұрғыдан алғанда, оның шығармашылығы қазақ ауыл поэзиясының көркемдік биігі ретінде бағаланады. Ақын үшін ауыл – тек географиялық мекен емес, ұлттық рух пен салт-дәстүрдің, тіл мен танымның сақтаушысы. Қадыр поэзиясында ауыл өмірі адам болмысының барлық кезеңдерін қамтиды. Балалық шақтан қарттыққа дейінгі өмір жолы, ауыл адамдарының этикалық нормалары мен психологиялық ахуалы шынайы әрі көркем бейнеленеді. Бұл сипат ақын өлеңдерінің тәрбиелік және танымдық мәнін арттырып, ауыл поэзиясын ұлттық педагогикамен сабақтастырады. Әсіресе балаларға арналған жырларынан ұлттық тәрбие, адамгершілік пен ізгілік қағидалары айқын аңғарылады. Ақын шығармаларында қазақ даласының табиғи көріністері мен ауыл тіршілігінің белгілері кеңінен қамтылады. Дала бедері, жайлау мен қыстау, төрт түлік, киіз үй, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлер ауыл поэзиясының негізгі символдарына айналады. Бұл көркем детальдар қазақ халқының тарихи жадын, мәдени сабақтастығын танытып, ауылды ұлттық құндылықтар шоғырланған рухани кеңістік ретінде көрсетеді.
