*АЛТАЙ ОРОНИМІ МЕН ЕРТІС ГИДРОНИМІ: ФОЛЬКЛОРЛЫҚ НҰСҚАЛАР ЖӘНЕ ЭТИМОЛОГИЯЛЫҚ ТАЛДАУ* Мақала ҚР ҒЖБМ Ғылым комитеті қаржыландыратын «Қытай және өзге де Шығыс елдері дереккөздеріндегі көне түркі топонимдері – қазіргі түркі интеграциясының түп негіздерінің бірі: тарихи-этимологиялық, лингвистикалық көрінісі» атты жобасы аясында әзірленді.
DOI:
https://doi.org/10.55808/1999-4214.2026-3.13Кілт сөздер:
Кілт сөздер: топоним, ороним, гидроним, Алтай, Ертіс, топонимдік аңыз, этимология, тарихи жад.Аңдатпа
Мақалада Шығыс Қазақстан өңірінің топонимдік кеңістігінде маңызды орын алатын Алтай оронимі мен Ертіс гидронимінің пайда болу негіздері кешенді тұрғыдан қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – аталған географиялық атауларға байланысты қалыптасқан халықтық түсініктерді ғылыми этимологиялық тұжырымдармен салыстырып, олардың тарихи, тілдік, географиялық және фольклорлық ерекшеліктерін анықтау. Зерттеу материалы ретінде «Бабалар сөзі» жүзтомдығының 80-томына енгізілген Алтай мен Ертіс туралы топонимдік аңыздар және белгілі ономаст ғалымдардың ғылыми пікірлері алынды. Алтай атауының «алты ай» тіркесінен тарағаны жөніндегі халықтық нұсқа мен оны «ал», «алтын», «тағ», «тау» компоненттері арқылы түсіндіретін ғылыми болжамдар өзара салыстырылып талданады. Ертіс гидрониміне қатысты «өту», «иірім», «жер суы», «жерді тесіп ағатын өзен», «көлденең ағатын су» мағыналарына негізделген этимологиялық пікірлер жүйеленеді. Олардың фонетикалық, лексика-семантикалық және географиялық уәждері сараланып, дәлелді және пікірталас тудыратын қырлары көрсетіледі. Зерттеу нәтижесінде топонимдік аңыздардың атаудың нақты тілдік төркінін анықтаудан гөрі, халықтың табиғи кеңістік туралы түсінігін, тарихи жадын және бейнелі дүниетанымын сақтайтыны анықталды. Географиялық атауларды зерттеуде фольклорлық мәтіндерді көне жазба деректермен, салыстырмалы тілдік материалдармен сабақтастыру қажеттігі тұжырымдалды.
