ҒАЛЫМ Қ.МАМАДІЛ КӨЗҚАРАСЫНДАҒЫ ТІЛДІК БІРЛІКТІҢ ОЙҒА ҚАТЫСТЫ МӘНДЕНУ СИПАТЫ
Кілт сөздер:
Модаль сөздер, модальдылық категориясы, модальдық құрылым, модальдық құрам, модальдық мағына, модальдық модельдер, жақсыз сөйлемдерАңдатпа
Мақала қазақ тіл біліміндегі модальдылық категориясына қатысты ғылыми көзқарастарды тарқатуға негізделген. Автор ғалым Қ.Мамаділдің еңбегін саралай келіп, тақырыптың терминдену сипатына басқаша қарауды ұсынады. Мақала морфологиялық категория ретінде әбден танылған модальдық бірліктерді тіл білімінің басқа қырынан қарауға әкеледі. Оның алғашқысы – модаль сөздердің лексикалық сипаты. Бұл жерде модальдылықтың міндеттілік, болжалдық реңкі ғана емес, сонымен бірге олардың омонимдену, синонимдену сипатына көңіл ауарылады. Екіншіден, модальдық категория сөйлемнің жақсыз түрін жасаудың басты құралы болып көрсетіледі. Демек, оның сөйлемдік сипаты ашылады. Үшіншіден, ғалым Қ.Мамаділ тарапынан анықталған етістіктің модальдық құрылымының құрамы, құрылымы мен модельдеріне қатысты түзілген ғылыми-теориялық ұсыныстарды тілдің басқа бірліктерін тануда да пайдалануға болатыны бекітіледі. Бұл ғалым тақырыбының лингва-математикалық қағидаттарына жауап береді. Әрі оны қолданысқа енгізудің басты жолдары ретінде танылады.
Мақалада аталған белгілеулердің барлығы қазақ, орыс, неміс ғалымдарының тұжырымдары негізінде шешімін тапқан. Әрі контактология ілімінің табиғатына жауап береді. Атап айтқанда, мұндай қағида морфосинтаксистік, лексика-синтаксистік және лингваматематикалық сынды ішкі, сыртқы ілім байланыстылығына әсер етеді. Қ.Мамаділ ұсынымындағы құрамдық-құрылымдық моделдер синтаксистік бірлік ретінде танылып үлгерген түйдекті тіркес пен түйіспелі тіркестің қызметтерін анықтауда басымдыққа ие болады. Шын мәнінде, мұндай ғылыми бекітулер қазақ тіл білімінің фонетика-морфология салаларында сапалы жүйелілікке ие болғанымен, синтаксистік саралаулардан тұщымды тұжырымдарды кездестіру мүмкін бола бермейді. Сондай-ақ, Қ.Мамаділ қозғауындағы омонимдік және синонимдік пайымдаулар да тіл білімінің контактологиялық сипатын ашуға жол ашады. Бұл сипат тіл білімі саласының лексика-синтаксистік қарым-қатынасына негіз болып, болашақ зерделеулердің басты өлшемдері үшін таптырмас үлгі боларлығы анық.