ӘЛИХАН БӨКЕЙХАН ЕҢБЕКТЕРІНДЕГІ МАҚАЛ-МӘТЕЛДЕР: ЭТНО- СОЦИОФОЛЬКЛОРТАНУ АСПЕКТІСІНДЕГІ ТАЛДАУ
Аңдатпа
Алаш кезеңі мұрасын жаңа ғылыми парадигмалар аясында зерттеу – қазіргі отандық қоғамдық-гуманитарлық ғылымдарда өзекті мәселенің бірі. Пәнаралық байланыс бағытында жүргізілетін ізденіс алаш мұрасында фольклор материалының молдығын көрсетеді. Ұлт зиялылары отаршылдықтан арылудағы саяси күрескерлік және ағартушылық мұраттарын қалың қауым санасына ояну дәуірінің рухында сіңіруде халық даналығын ұтымды пайдаланды. Рухани мұра интегративті фольклортану аспектісінде зерттелгенде алаш кезеңі еңбектерінде халық эстетикасы айқын көрінетіні байқалды. Мақалада Ә.Бөкейханның ұлы даланың сан ғасырлық рухани және мәдени құндылықтарынан нәр алып, халық қазынасын қастерлегені талданады. Қайраткер қолданған мақал-мәтелдер тақырыптық-идеялық жағынан қарастырылады. Олардың ұлттық құндылықтардан бастап, адамзат ақыл-ойының биігіндегі ой-толғамдарымен көркемдік-эстетикалық мазмұнда үйлесім табуы екшеленеді. Қазақ қоғамының ділгір мәселелерін көтерген өзекті тақырыптағы мақалаларындағы кәсіби шеберлігі, этикалық талаптарды сақтаудағы біліктілігі этнофольклор қағидаттарымен ұштастырыла айқындалады. Отаршылдық ойранындағы ел азаттығы мен әлеуметтік теңсіздік түйткілдерін қазақ мүддесіне орайластыра шешуге айқын практикалық әрі теориялық бағыт-бағдар беретін ой-толғамдары этнофольклористикалық қырынан сараланады. Мақалаларындағы шынайылық, нақтылық, өткірлік, зеректік, батылдық, тереңдік мақал-мәтелдерді шеберлікпен қолданылуымен дәйектеліп талданады.