ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ СҰРАУЛЫ СӨЙЛЕУ АКТІСІНІҢ МОДАЛЬДЫҚ МАҒЫНАЛАРЫ
Кілт сөздер:
сұраулы сөйлем, модальдық мағына, болжалдық, қалаулық, мүмкіндік, қажеттілік, бұйрықтықАңдатпа
Мақалада қазақ тіліндегі сұраулы сөйлемдердің болжалдық, қалаулық (тілек, арман), мүмкіндік (мүмкін еместік), міндеттілік (қажеттілік), бұйрықтық модальдық мағыналарын білдіруі талданды. Аталған модальдық мағыналардың негізінен сұрау есімдігі, сұраулық демеулігі қатысқан сөйлемдермен білдіретіні, сондай-ақ осы тілдік бірліктердің қайталануы және басқа да тілдік бірліктермен (модаль сөздер, көмекші етістіктер, тұрақтанған сөз тіркестері, аналитикалық форманттар және т.б.) бірге қолданылуы арқылы күшейе түсетіні анықталды.
Болжалдық, қалаулық (тілек, арман), мүмкіндік (мүмкін еместік), міндеттілік (қажеттілік), бұйрықтық модальдық мағыналарын білдіруде риторикалық сұрақты сөйлемдер белсенді қызмет атқарады. Сонымен қатар мақалада сұраулы сөйлемдерде аталған модальдық мағыналардың басқа да модальдық мәндермен, сөйлеушінің эмоционалды-экспрессивті көзқарасымен, мысалы, зат, құбылыс туралы ақпараттың немесе іс-әрекеттің орындалуының болжалдылығы белгісіздік, күдіктену, күмәндану және т.б. мәндермен астаса берілетіні тілдік деректермен дәлелденді. Сұраулы сөйлемдер білдіретін модальдық мағыналар тұтас мәнмәтіндік мазмұннан, тілдік бірліктердің сөйлеу жағдаятынан, прагматикалық қызметі әсерінен туындайтын имплицитті мағыналарынан да көрінетіні дәйектелді.
Сөйлеушінің сөйлеу жағдаятына байланысты көзқарасын білдіретін модальдық мағыналар сұраулы сөйленімдерді құрылымдық-семантикалық сипаттау, мәнмәтіндік талдау, функционалды-семантикалық талдау, дифференциация және гипотетикалық түсіндіру және трансформациялау әдістері арқылы анықталды.