КӨРКЕМ МӘТІННІҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ КЕҢІСТІГІ (ЖЫРАУЛАР ПОЭЗИЯСЫ МӘТІНІ НЕГІЗІНДЕ)
Кілт сөздер:
Көркем мәтін, иерархиялық құрылым, семантикалық кеңістік, ауызша мәтін, Қашаған жырау, менталды жасалым, жыр шоғыры.Аңдатпа
Мақалада Маңғыстаудан жыраулық мектебінің басты өкілі – Қашаған жырау Күржіманұлы шығармаларының мәтініне талдау жасау арқылы көркем мәтін түсініліміндегі семантикалық кеңістік мәселесі, оның ауызша мәтіндерге қатысты ерекшелігі сөз болады.
Мәтін лингвистикасы туралы сөз болғанда, бір зерттеулерде мәтіннің жазба нұсқаға түскен сөйлеу құрылымы екендігі баса айтылса, кейбір зерттеушілер мәтінді ауызша да, жазбаша да сөйлеу құрылымында кездесетін жүйе ретінде қарастырады. Мәтін қандай формада көрініс берсе де (ауызша, жазбаша, мономәтін түрінде, поэзиялық, прозалық сипатта) белгілі бір дәуір туғызған мәдениеттің, шығармашылықтың, рухани қызметтің жемісі әрі осындай рухани байлықты ұрпақтан-ұрпаққа сақтап жеткізуші феномен болып табылады.
Көркем мәтіннің басты белгілері ретінде оның біртұтастығы, белгілі бір ойды жеткізудегі жүйелілігі, басталуы мен аяқталуының болуы, тақырып таңдалымы, мәтін арқылы белгілі бір ақпараттың берілуі (информативтік қызметі) және мәтіннің қарым-қатынас құралы (коммуникациялық қызметі) бола білуі, сондай-ақ ең маңыздысы, мәтін арқылы адам дүниетанымының, ұлттық рухани мәдениетінің көрініс беруі (мәтіннің кумулятивтік қызметі), сол арқылы жеке адам тұлғасының, дүниенің тілдік бейнесінің жасалуы (мәтіннің концептуалдық-тілдік қасиеті) туралы зерттеліп те айтылып та жүр.
Жыр мәтіні ауызша дүниеге келу ерекшелігіне қарамастан көркем мәтінге тән барлық талаптарға жауап бере алады.