БҰҚАР ЖЫРАУДЫҢ АБЫЛАЙ ХАНҒА АРНАҒАН ЖЫР-ТОЛҒАУЛАРЫНЫҢ БАСТЫ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Кілт сөздер:
поэзия, тарих, тұлға, әдебиет, жырау, тарихи шындық, шығармашылық, сарай ақыныАңдатпа
Бұл мақалада қазақ поэзиясындағы Бұқар шығармашылығы жүйелі зерттеу нысанына айналған. Бұқар жыр-толғауларына талдау жасалынып, Бұқардың саяси істерге араласқан қырлары, Абалай ханның кеңесшісі болған әдебиеттегі бейнесі ашылады. Бұқар жырау қазақ халқының басына қиын-қыстау күн туған кезде өмір сүріп, сол алмағайып замандағы күрделі саяси мәселелерге өз жырларымен жауап бере білген тұлға. Жырау Абылай ханға ел басқару ісіне байланысты кеңестер беріп, ханға тура жол көрсетіп отырған. Өз шығармалары арқылы басқыншы жауға қарсы күресте халқын бір тудың астына біріктіруге күш салады. Бұхар жырау өзінің саяси-әлеуметтік жыр-толғауларымен өз елінің жалынды күресінің жыршысына айналды. Жырау әлеуметтік тақырыпқа терең ден қойып, ұлт-азаттық, демократияшыл бағытты ұстанады. Мақалада ел басына күн туған ауыр күндері ел ұйытқысы бола білген жырау шығармаларындағы әлеуметтік сарын айқындала келе, Бұқар жыраудың саяси-әлеуметтік көзқарастары ашылады. Жыраудың Абылай ханға арнап жазған жыр-толғаулары талдау нысанына алынады. Саяси-әлеуметтік мәнді жыр-толғаулар жазған жырау хан ордасында қызмет еткенімен, сарай маңы ақыны емес деген тұжырым жасалынады. Әлем әдебиетіне көз салсақ, әр кезеңде хан сарайында қызмет етіп, әртүрлі бағытта шығармашылықпен айналысқан ақындарды кездестіреміз. Түркі халықтары әдебиетінің классигі Науаи, түрік әдебиетінің өкілдері Махмұт Бақи, Ахмед Недим Эфенди т.б. және қазақ поэзиясындағы сарай маңы ақындары Жанұзақ, Байтоқ т.б. ақындар шығармашылығына тоқталып, Бұқардың халық қамын ойлаған тұлғасы шығармалары негізінде ашылады.