СЫР СҮЛЕЙЛЕРІ ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСТЕМЕЛІК ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Кілт сөздер:
Сыр сүлейлері, дидактика, ұлттық таным, жеке тұлға, модульдік оқыту, жаңа технология.Аңдатпа
Мақалада ұлттық әдеби мұраларымыз бен сөз мазмұнындағы мәдени мәнділіктерді айқындау, оларды танытумен тығыз байланыста қарастыру, мәдени-танымдық ерекшеліктерін білім алушыға жинақтау арқылы игерту «тіл мен ұлт», «тіл мен әдебиет, мәдениет» сабақтастығында зерттелінді.
Бұл ғылыми жұмыста Сыр сүлейлері Т.Ізтілеуов, Б.Оңдасұлы, Ш. Омаров, Қ. Ерімбет шығармаларына зерттеу жүргізе отырып, рухани құндылыққа толы дидактикалық шығармаларындағы ұлағатты ойлар мен ғибраттық тәмсілдерге тоқталдық. Жүргізген жұмыстың нәтижесінде білім алушылардың өлке әдебиетіне деген қызығушылығын оятып, Сыр сүлейлерінің толғау-терме, айтыс, дастандарымен жастарды, адамгершілік, имандылық, отансүйгіштік сияқты адами құндылықтардың қалыптасуына негіз жасалды.
Өлке әдебиеті қазақ әдебиеті тарихында ерекше орын алатын ұлттық рухани қазынамыз десек, Сыр сүлейлерінің дана өсиеттері мен ақыл-нақылға толы дидактикалық жырлары қазіргі білім мен тәрбие құралы екені сөзсіз. Сыр сүлейлері адамгершілік, имандылық, отансүйгіштік сияқты тәрбиелік тағылымдармен ұлт өнеріне өлшеусіз үлес қосқанымен, оларды оқытудың тиімді әдістері әлі де болса терең меңгеріле қойған жоқ, жұмыстың жазылуына осы жәйттер негіз болды. Әлемдік білім кеңістігіне ену мақсатында рухани бай, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруда бүгінгі күннің өзекті мәселесі – ұлтты ардақтауда Сыр сүлейлерінің шығармаларын оқыту арқылы келешек ұрпақтың дүниетанымы мен көзқарасын қалыптастыру зерттеудің маңыздылығы мен көкейкестілігін танытады.