ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ХИКМЕТТЕРІНДЕГІ ҒҰМЫР ФИЛОСОФИЯСЫ
Кілт сөздер:
ғұмыр, философия, адамгершілік, иман, сопылық, ақиқат жолы.Аңдатпа
Мақалада Қожа Ахмет Яссауи хикметтеріндегі өмір туралы пайым, оның философиялық-танымдық түсініктемелері қарастырылған.
Ислам діні ішінде тылсымдығымен ерекшеленетін құпиясы мол және ғажайыпқа толы бағыт – сопылық. Сопылық танымдағы өмір жайлы айтылған ой-пікірлер мен жазылған зерттеу жұмыстары қаншалықты көп болғанымен, тілдік, әдеби, философиялық, психологиялық, педагогикалық тұрғыдан зерттеуді әлі де қажет ететін қыр-сырлары толып жатыр. Қалыптасқан көзқарастардың өзінде қарама-қайшы пікірлер мен сыни көзқарастарды да кездестіруге болады.
«Диуани Хикметте» негізінен төрт нəрсеге аса көңіл бөлінеді. Олар: шариғат, тарихат, хақихат, мағрифат. «Шариғат» – ислам дінінің заңдары мен əдет-ғұрыптарының жинағы, «тарихат» – сопылықтың идеясы, сопылық мүддесіне жеткізген жол, «мағрифат» – дін жолын танып, оқып-білу, «хақихат» – құдаймен бірігу оған жақындау. Ахмет Ясауидің пәлсапалық пайымы бойынша, «шариғатсыз», «тарихатсыз», «мағрифатсыз» «хақиқатқа» жету мүмкін емес. Жұмыр басты пенде үшін бұл дүние – жалған дүние, өткінші, бұл өмірде біз қонақпыз, бәріміз уақытша жүрген адамдармыз деп түсіну мұсылмандар үшін қалыпты. Дүние есігін ашқан адам баласы бұл өмірден о дүниеге аттанғанда, қонаққа барғанда қандай дайындықпен барған болса, дәл сондай дайындықты бақи әлем де пендеден күтеді яғни, рухани дайындықпен барған абзал. Рухани дайындық дегеніміз – адамның ішкі жан дүниесінің баюы. Ясауи хикметтерінде өмір философиясы осы заңдылыққа жүгінуі керектігі жыр тілінде баян етіледі.