КӨРКЕМ МӘТІНДЕГІ ДИАЛОГТЫҢ ЛИНГВОМӘДЕНИ СИПАТЫ
Кілт сөздер:
автор, кейіпкер, диалог, ұлтық код, лингвомәдени өлшемАңдатпа
Мақалада көркем мәтіндегі диалогты дискурстың лингвомәдени сипаты талданады. Зерттеу жұмысында диалогты қатысымның лингвомәдени өлшемдерін семантикалық деңгейде қарастыру көзделді. Тіл арқылы адамның сөйлеу әдебін зерттеу арқылы ұлтының ділін, діни көзқарасын, салт-санасын, ұлттық мәдениетін аңғара аламыз. Сол себепті де, адресат тілі, адресат пен адресант арасындағы байланыс соңғы кездері тіл зерттеушілерін ерекше қызықтырып келеді. Бұл зерттеу жұмысының негізгі өзектілігін танытатын тұжырым.
Көркем шығармалар тілін зерттеу бүгінгі күннің көптеген сұрақтарына жауап бере алады. Туындыдағы кейіпкер тілін, онда кездесетін көркемдеуіш құралдардың және ұлттық танымды көрсететін мақал-мәтелдердің қолданысы, салт-дәстүрді дәріптейтін атаулар мен ұғымдардың, окказионалды сөздердің жұмсалымы диалогтық дискурс арқылы оқырманға сәтті жетеді. Сәтті үйлесім тапқан диалогтық тіл арқылы жазушы стилін анықтауға мүмкіндік туады. Зерттеу жұмысында шетелдік және отандық тіл біліміндегі диалогты қатысымға байланысты зерттеу еңбектері басшылыққа алынып, қазақ диалогының лингвомәдени сипаты сараланды.
Мақалада көркем мәтіндегі диалогты дискурстың үстірт және астырт құрылымдары анықталды. Үстірт құрылым дегеніміз – диалогқа қатысушы кейіпкерлер туралы ақпарат, оның білімі мен білігі, әлеуметтік жағдайы, басқа кейіпкермен қарым-қатынасының суреттелуі танылады. Ал астырт құрылымында кейіпкердің сөзі мен іс-әрекеті, таным-түсінігі мен мінезі көрінетін ұлттық кодты беретін тілдік бірліктерді, мәдени маркерлерді көреміз. Зерттеу жұмысына көркем шығарма мәтініндегі мәдени маркерлер арқылы этностың ерекшелігі, мәдениеті, танымы, дүние бейнесі айқын көрінетін диалогты қатысымдар алынды.
Зерттеу жұмысында көркем мәтіндегі диалогты дискурстың лингвомәдени сипатының семантикалық деңгейі мәдени кодтардан, мәдени маркерлерден, символдардан, олардың астырт және үстірт құрылымдарындағы мағыналарынан көрінетіні анықталды.
Мақалада әдеби туындыларда сөйлеу актісі лингвистикалық тұрғыдан өңделген және кейіпкерлердің сөйлеу әрекеті сөйлеу әдебіне сай болып, тілдің коммуникативті бірліктері ұлттық-мәдени аспектіде анық байқалатынын ескере отырып, мәнмәтіндік және прагматикалық сараптама үшін сипаттамалық әдіс, диалогтық сөйлесімдердің мазмұны мен құрамын сараптауда құрылымдық-семантикалық әдіс, диалогтық қатысымдағы ұлттық ерекшеліктерді анықтау үшін мәнмәтіндік әдістер мен лингвомәдениеттану әдістері басшылыққа алынды.