ЕРТЕГІ ДИСКУРСЫН ЗЕРТТЕУ МӘСЕЛЕСІ: АНЫҚТАМАСЫ, ЖІКТЕЛУІ ЖӘНЕ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСЫ
Кілт сөздер:
дискурс, дискурс теориясы, ертегі дискурсы, мәтін, коммуникация, прагматика, лингвомәдени бірлік, дүние бейнесі, дүниенің тілдік бейнесіАңдатпа
Мақала ертегі дискурсының зерттелу жайына арналады. Тіл білімінің антропоцентрлік парадигмасы аясында пайда болған дискурс теориясы мәселелері соңғы жылдары қарқынды дамып отыр. Лингвистикада дискурс ұғымы туралы көптеген пікірлер қалыптасты. Мақалада қазіргі тіл біліміндегі дискурс ұғымын анықтауға қатысты коммуникативтік және функционалды, әлеуметтік-прагматикалық, құрылымдық-синтаксистік, құрылымдық-стилистикалық көзқарастардың қалыптасқандығы туралы айтылады. Дискурстың мәтінмен, коммуникацияға қатысушылардың санасында өтетін үдерістермен, прагматикамен байланысы анықталады. Ғалымдардың «Дискурс» ұғымын берген анықтамаларына талдау жасалады, өзіндік тұжырымдар ұсынылады. Дискурстың түрлерін анықтауға коммуникативтік актіге қатысушылардың сипаты, тарихилық, процессуалдық өлшемдерінің негіз болатыны анықталады. Ертегі дискурсының шығу көздері туралы пікірлер талданады. Ертегі дискурсының зерттелуіне жан-жақты талдау жасалынады. «Ертегі дискурсы» ұғымына берілген анықтамалар сараланып, өзіндік тұжырымдар жасалады. Ертегі дискурсы әрбір ұлттың өмір-тіршілігі, дүниетанымы, наным-сенімі, бір сөзбен айтқанда дүние бейнесі туралы мәдени-құнды ақпараттар жиынтығы деп қорытынды жасалады. Ертегі дискурсының саяси, теледидар, компьютер және театр дискурстарымен байланысы анықталады. Ертегі дискурсы – күрделі лингвомәдени бірлік, ол қазіргі қарым-қатынастың әр түрлі жағдаятында кездеседі. Ертегі дискурсы мен діни дискурстың байланысы нақты мысалдар арқылы дәлелденеді.