«ШЕЖІРЕ-И ТЕРАКИМЕ» ЕҢБЕГІНДЕГІ КЕЙБІР ТҮРКІ СӨЗДЕРІНІҢ ЭТИМОЛОГИЯСЫ
Кілт сөздер:
вокализмдер, диахронды әдіс, синхронды әдіс, шағатай тілі, фонетика, жазба ескерткіштер.Аңдатпа
Тарихи жазба ескерткіштерді лингвистикалық аспектіде зерттеудің тіл білімі үшін маңызы жоғары. Зерттеу мақалада «Шежіре-и теракиме» еңбегінде кездесетін қарындас, елші, еңбек сөздері мен байла- етістігінің этимологиясы, семантикалық ерекшеліктері қарастырылады. Аталған сөздердің көне түркі жазба ескерткіштердегі, ортағасырлық мұралар мен қазіргі түркі тілдеріндегі қолданысы, дыбыстық, морфологиялық, лексика- семантикалық сипаты зерделенеді. Шежіре мәтінінен орын алған бұл сөздер қазіргі түркі тілдерінде актив қолданылғандықтан, олардың тарихи түп негізін, этимологиясын анықтау зерттеудің басты мақсаты болды. Талданып отырған сөздерге қатысты алтайтанушы, түркітанушы ғалымдардың ғылыми-теориялық тұжырымдары салыстырылып, гипотезалық пікірлері беріледі.
Әбілғазы Баһадүр ханның «Шежіре-и теракиме» еңбегі шағатай тілінде жазылған ортағасырлық шығарма. Оның лексикалық қабаты түркі, моңғол, араб, парсы сөздерінен тұрады. Сондай-ақ шығарма тілінде оғыз, қыпшақ, қарлұқ-ұйғыр элементтерінің араласып қолданылуы шағатай тілінің түркі халықтарына ортақ жазба тіл болғандығын көрсетеді. Сондықтан біз нысан етіп алған тарихи еңбекті лексика-семантикалық тұрғыдан зерделеу, ондағы түркі сөздерінің этимологиясын айқындау зерттеудің өзектілігін аңғартады. Мақалада теориялық тұжырымдарды саралау үшін анализдеу әдісі, семантикалық талдау әдісі, сипаттамалы әдіс, тарихи-салыстырмалы әдіс-тәсілдер қолданылады.