ӘЛЕМ ӘДЕБИЕТІ ФОЛЬКЛОРЫНДАҒЫ ҚОЖАНАСЫР БЕЙНЕСІ
Кілт сөздер:
фольклор, Қожанасыр, әлем әдебиеті, көркем бейне, прототип, сатира, юмор, комедиялық жанр.Аңдатпа
Қазіргі таңда бұл тақырыптың маңыздылығы мен өзектілігі артып, осы образдың түрлі халықтар әдебиетіндегі интерпретациясы мен ұлттық ерекшеліктері негізінде зерттеулер жүргізіп, әдеби тұжырымдар параллелін анықтауды қажет етеді. Мақалада түрлі ғалымдардың көзқарастары ескеріліп, олардың осы әдеби қаһарман жайында айтқан пікірлері ұсынылады.
Түркі халықтарға тән философиялық һәм юморлық эсселер, аңыздар мен ертегілерде бейнеленетін фольклорлық кейіпкер – Қожанасыр образын зерттеу мәселелері өте ауқымды. Бұл бейне көптеген халықтардың фольклорлық туындыларында кездескенімен олардың әрбірі бұл образды алуан түрлі сипатта қабылдайды. Өйткені Қожанасырдың әзіл-сықақ әңгімелері, сол хикаяттардағы Қожанасырдың түрлі типтік бейнелері әрбір ұлттың моральдық- психологиялық, мәдени, ділдік портретін қалыптастыра отырып, бұл әдеби қаһарманның көп қырлы екенін көрсетеді. Жұмыс барысында түрлі деректер, сондай-ақ көптеген зерттеушілердің еңбектері талданып, әдеби шолу жасалды. Сонымен қатар әлем әдебиетіндегі Қожанасыр образына ұқсас әдеби қаһармандар да қарастырылып, осы бейненің зерттелу мәселелері, зерттеу кезеңдері де назарға алынды. Қожанасыр бейнесін зерттеудегі түрлі әдеби тәсілдемелер сараланып, алдағы уақытта осы бағытта жүргізілетін жұмыстардың перспективасы анықталды.