ӘПСАНАЛАРДАҒЫ «ҚАСИЕТТІ СУ» ТУРАЛЫ МОТИВТЕРДІҢ ПОЭТОЛОГИЯСЫ
Кілт сөздер:
фольклор, әпсана, киелі су, тірі су, әлемдік мұхит, хаос, екі әлем, бұлақ.Аңдатпа
Бұл мақалада фольклорда кеңінен таралған қасиетті су көздері туралы мотив басты нысанға алынып, ең әуелі космогониялық мифтердегі суға қатысты оқиғалар қарастырылады. Сонымен қатар судың ислам дініндегі мәні будда, христиандық танымдағы сипаттарымен салыстырылды.
Көне дүниетанымда жаратылысты суға қатысты түрлі объектілерімен байланыстырған. Су – мифологияда ең жиі кездесетін табиғи жаратылыс. Әлемдік мұхит, түпсіз әрі шексіз терең су – алғашқы тіршілік пайда болғанға дейін болған құбылыс. Су күллі жаратылыстың бастауында тұрған табиғи стихия, сондай-ақ хаостан космосқа өтудегі бір шекара. Мифтік танымда теңіз, мұхит және өзен, көл, бұлақ, бастау ұғымдары өте маңызды. Суды қасиетті нысан ретінде құрметтеудің маңызды бір сипаты бұлақтар немесе қасиетті құдықтарға байланысты мотивтерден аңғарылады.
Түркі тектес халықтар танымында су – жаратылысты пайда болуы, көбеюдің, молшылық пен құнарлылықтың, жойылу мен жаңғырудың, қасиет пен киенің символы. Мақалада түркі халықтарына ортақ суды қастерлеу, бұлақтың көзін ашу, ағын судың арнасын кеңейту, жаңбыр шақыру сынды сумен байланысты ғұрыптар салыстырылды. Көне түркілер танымындағы судың пайда болуы туралы әпсаналардың түп төркіні талданып, суға қатысты мифтік мотивтер жүйеленеді. Бұлақтың, өзеннің, көлдің, теңіздің пайда болуы туралы фольклор үлгілері қарастырылды. Діни сарындағы әпсаналарда өзендердің, бұлақ көздерінің пайда болуындағы пайғамбарлар мен әулиелердің рөлі мысалдармен айтылды. Құранда айтылған қасиетті судың үш түрі, олардың адамзат баласы үшін айрықша қызметі талданды. «Киелі су», «қасиетті бұлақ», «тірі су», «өмір суы» ұғымдары назарға алынып, мысалдар келтірілді. Киелі су орындары мен ерекше қасиетті, тылсым күшке ие адамдарға, пайғамбарларға қатысты әпсаналар салыстырыла қарастырылды. Түркі халықтарына ортақ әпсана мәтіндерінен алынған мысалдар зерттеліп, тиісті тұжырымдар жасалады.