ТІРКЕСТІ ТЕРМИНДЕРДІ АУДАРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ (ҚАЗАҚ ТЕЛЕЖУРНАЛИСТИКА САЛАСЫНЫҢ МАТЕРИАЛДАРЫ НЕГІЗІНДЕ)
Кілт сөздер:
термин, терминология, терминжасам, тележурналистика, аударма, біріздендіру, жұрнақАңдатпа
Мақалада қазақ телевизиялық журналистика саласында жиі қолданылатын терминдік тіркестердің жасалу жолдарын, оларды орыс тілінен аудару барысындағы кемшіліктердің себептерін, балама нұсқаларын және т.б. айқындау мақсат қойылды. Сонымен қатар зерттеу барысында орыс тіліндегі жұрнақты терминдік тіркестерді қазақ тіліне аудару үдерісінде туындайтын лингвистикалық мәселелерді талдау мақаланың өзектілігін айқындайды.
Мақалада орыс тіліндегі тіркесті терминдердің қазақ тіліндегі баламаларына қатысты мынадай мәселелер қарастырылды: жекелеген терминдердің баламасы немесе аударылуы; орыс тіліндегі «-н- жұрнағы + -ый/-ая/-ое жалғауы», «-ск- жұрнағы + -ий/-ая/-ое жалғауы», «-ов- жұрнағы + -ый/-ая/-ое жалғауы», «не- приставкасы + түбір + -н- жұрнағы + -ый/-ая/-ое жалғауы» үлгілерінің аударылуы және т.б. Орыс тіліндегі тіркесті термин қазақ тіліне әртүрлі қосымшалы тіркесті термин түрінде аударылғанда олардың әрқайсысының өзіндік жеке мағынасы болатындығы, сонымен қатар қазақ тележурналистикасында қолданылып жүрген тіркесті терминдердің «Termincom.kz» электрондық базасында тіркелген, яғни Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен баламаларымен, салалық терминологиялық сөздіктерде берілген аудармаларымен сәйкес келмейтіндігі анықталды.
Телевизиялық журналистика саласында тіркеспен келетін терминдердің баламасын анықтау барысында синтез, индукция, дедукция, топтастыру, жүйелеу сияқты жалпылингвистикалық әдістермен қатар аудармадағы морфологиялық трансформация, лексикалық және морфологиялық калькалау тәрізді жекелеген әдіс-тәсілдер, сондай-ақ әлеуметтік лингвистиканың зерттеу тәсілінің бірі – сауалнама әдісі кеңінен қолданылды.
Зерттеу барысында жүргізілген сауалнамада телевизия мамандары қызметінде жиі қолданылатын тіркеспен келетін терминдер таңдап алынып, сауалнамаға республикалық және халықаралық деңгейдегі БАҚ өкілдері, «Ұлттық аударма бюросы» мамандары, ғылыми-зерттеу институттарының аударма ісімен айналысатын ғылыми қызметкерлері қатысты.