ДРАМАЛЫҚ ШЫҒАРМАЛАРДАҒЫ СЕМЕЙ ҚАСІРЕТІНІҢ КӨРІНІСІ
Кілт сөздер:
драматургия, драмалық шығармалар, трагедия, комедия, Семей полигоныАңдатпа
Зерттеу жұмысының мақсаты – қазіргі қазақ драматургиясының көркемдік ерекшелігін, идеялық-тақырыптық ауанын анықтап, поэтикасын, стиль мәселесін көрсетіп, жаңашылдығын, дәстүр сабақтастығын саралау, жанрлық-поэтикалық үрдістерді ғылыми тұрғыдан зерделеу арқылы Семей қасіреті көрініс табатын драмалық шығармалардағы авторлық таным, стильдік даралық және ортақ тақырыптық сипаттарды айқындау болып табылады.
Қазақ әдебиетіндегі драматургия жанры еліміз тәуелсіздік арнасына түскеннен кейінгі кезеңде өзіндік даму бағытымен, көркемдік ізденістерімен, жанрлық үлгілері, стильдік өрісімен ерекшеленеді. Тәуелсіздік тегеурінімен ел өміріне енген өзгерістер, рухани әлеміміздегі желісі үзілмеген тарихи сабақтастық, азат сана тудырған айшықты оралымдар, тартыс үстінде ашылған мінез, адамдар ортасындағы драматизмді жеткізудегі авторлық ұстанымдар осы кезеңдегі драматургтер шығармашылығынан айқын аңғарылады. Соны серпіліс, тың тыныс байқалады. Мақалада тәуелсіздік кезеңіндегі қазақ драматургиясының даму үрдістері, ерекшелігі, драмалық шығармалардағы Семей қасіретінің көрініс табуы, пьесалардың жаңашылдығы мен дәстүр сабақтастығын ұстануы, идеялық-мазмұндық ізденістері, тіл, стиль, мәселелері қарастырылып, драматургияның қазіргі даму бағыттары мен көркемдік тұтастығы зерттелді.
Егемендік алып, нарықтық экономикаға бет бұрған, жаһандану көшіне ілесіп келе жатқан қазақ қоғамында орын алып жатқан түбегейлі өзгерістер әлеуметтік рухани өмірімізді жаңа белеске шығарып, адам санасына да әсер еткендігі анық. Тоталитарлық жүйе орын алған замандағы саяси шектеуден, қолдан жасалған «социалистік реализм» құрсауынан босаған қазақ көркем сөзі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында заманның жедел де қарқынды дамуына ілесе алмай қалғандай болып көрінгенімен, еңсесін тез тіктеп, жаңа заман талабына сәйкес тың тақырыптар мен сюжеттерді негіз еткен драмалық шығармалар дүниеге келді. Олай болуы заңды да. Өйткені қазақ драматургиясының бүкіл әлемдік көркем ой дамуымен сабақтастықта дамыған, биік белестерге жеткен көркем әдебиеттің, қала берді ұлттық руханияттың аса маңызды құрамдас бөлігі екені даусыз.