ШӘКӘРІМНІҢ АҚЫНДЫҚ КІТАПХАНАСЫ
Кілт сөздер:
Шәкәрім шығармашылығы, шәкәрімтану, Шәкәрімнің ақындық әлемі, Шәкәрімнің жазушылық әлемі, Шәкәрімнің аудармашылық әлемі, Шәкәрім философиясы, «Ләйлә-Мәжнүн» дастаны, Шәкәрім аудармалары.Аңдатпа
Мақаланың басты міндеті – Шәкәрім шығармашылығына Батыс пен Шығыс әдеби дәстүрлерінің ықпалын жан-жақты саралау және олардың өзара үйлесімділігін терең зерделеу. Бұл мақсатты жүзеге асыру барысында Шәкәрімнің көркемдік әлемінің қалыптасу генезисі қарастырылып, оның қазақтың бай фольклорлық мұрасы, халықтық поэзия, жыраулық өнер және классикалық Шығыс поэзиясына тән дәстүрлі элементтерді қалай игеріп, шығармашылық тұрғыдан қайта өңдегені ғылыми тұрғыда зерттелді.
Зерттеудің ғылыми және практикалық маңыздылығы – Шәкәрімнің әдеби мұрасындағы бұрынғы дәстүрлерді жаңаша игеру шеберлігін ашу және осы қайнарлардан алынған көркемдік элементтерді өзінің бірегей шығармашылық көзқарасымен байыта отырып, жаңа сападағы туындылар жасау әдістерін анықтауда жатыр. Мақалада Шәкәрім мен Шығыстың ұлы ақыны Сағди шығармаларындағы сюжеттік алмасу дәстүрлері мен олардың Шәкәрімнің поэзиясындағы интерпретациясы терең талданды. Сонымен бірге, ақынның шығармаларында бейнеленген қоғам мен уақыт, адам мен заман мәселелері, олардың өзара байланысы мен осы негізде туындаған әлеуметтік құбылыстар, сондай-ақ ақынның сол құбылыстарды бейнелеудегі жеке ұстанымы мен авторлық идеяларының ерекшеліктері егжей-тегжейлі қарастырылды.
Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізі ретінде Ә.Тәжібаев, Ш.Сәтбаева, М.Мағауин, Б.Әбдіғазиев және басқа да беделді ғалымдардың тұжырымдары мен көзқарастары пайдаланылды. Зерттеу нәтижесінде Шәкәрімнің шығармаларындағы, әсіресе эпикалық поэзия саласындағы туындыларында тарихилық пен кеңістік-уақыттық мәселелердің қалайша көрініс тапқаны, оның көркем ойлау жүйесі арқылы түсіндірілді. Зерттеу барысында аналитикалық, бақылау, фактіге негізделген материалдарды сараптау, сипаттау, компоненттік талдау және тілдік жағдаяттарды үлгілеу сияқты әдіс- тәсілдер қолданылды.
Зерттеу жұмысының практикалық маңыздылығы – осы мақаланы жоғары оқу орындарындағы шәкәрімтану пәндері бойынша дәрістер мен семинарларда қосымша оқу құралы ретінде қолдану мүмкіндігіне негізделеді. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері Шәкәрім шығармашылығын тереңірек түсініп, оның көркемдік мұрасының қазіргі әдебиеттанудағы орны мен маңыздылығын жаңа қырынан айқындауға септігін тигізеді.