«АЛАСТЫ ОЙЛАП ШЫҚҚАН ЖАС...» (Д.ӘШІМХАНҰЛЫНЫҢ «ЖЫНДЫ ЖЕЛ» ӘҢГІМЕСІ НЕГІЗІНДЕ)
Кілт сөздер:
Дидахмет Әшімханұлы, әңгіме, аңыз, ұлттық құндылық, идеяАңдатпа
Мақалада әдебиеттің қасиетті табалдырығын жетпісінші-сексенінші жылдары имене аттап, аз уақыттың ішінде өз орнын тауып үлгерген Дидахмет Әшімханұлының «Жынды жел» әңгімесі қарастырылған. Мақаланың мақсаты – қаламгер шеберлігін таныту, кейіпкердің даралық психологиясын ашуда жазушының шығармашылық қиялының жемісін, көркемдеу құралының жаңалығын анықтау. Сонымен қатар кейіпкердің тұлғалық сипаты, аңызбен ұштастырылған көркем әңгіменің танымдық, көркемдік орны дәлелденеді. Туындының тағылымдық мәнін ашуға көмектесетін мүмкіндігін нақты мысалдар арқылы зерделеуге тырыстық.
Шығармада кейіпкер болмысының табиғатпен байланыстыра суреттелуі, адамның ішкі құпия әлеміне үңілу, адам бойындағы кереғар екіұдай сезімдер, сюжет бірлігі жағынан ел тағдырын суреттеуге құрылғандығы, адам бойындағы асыл қасиеттердің дәріптелуі туралы тұжырымдар жасалды.
Жазушы шығармашылығындағы табысты кезең тәуелсіздік жылдарында жарыққа шыққан әңгімелері, повестері, публицистикалық эссе, әдеби сын жанрларындағы еңбектеріне тоқтала отырып, шығармаларындағы қоғам өзгерісі, ұлттық құндылық, ұлт тағдыры сынды қазіргі қоғамның күрмеулі мәселелерімен ұштасып жатқандығына талдау барысында көз жеткіздік. Мақалада автор туындыларындағы ұлт мұраты, ана тілі, рухани азғындық мәселелері сөз етіледі.
Қаламгердің шығармашылық шеберлігін жаңа технологияның шығу үдерістерімен (балалардың әке-шешесімен емес, айнамен сөйлесуі, олардың не деп отырғанын ешкімнің түсінбеуі яғни интернетпен сөйлесу) байланыстыра отырып, көркем әдебиеттің дамуының өзгеше бітімін қалыптастыруға септігін тигізетіндігіне баса назар аударылады. Ел жадына сіңген ұлттық менталитеттің сақталмауы (бұқаның бұзауға артылуы, қыздардың жігітке артылуы, жалаңдаған пышақ, жын қаққандай би, құтырынған күй), әлеуметтік жағдай (тайпа өмірі, ұлт тағдыры, т.б) мәселелеріне еркін бойлай отырып, осы тұста Обыр, Жебір, Орман тайпаларының күнделікті тұрмыстағы қарым-қатынастарын арқау еткен шағын эпизодтарға кезек беріп, әр тайпаның өзіндік ментальдық ерекшеліктері мен ұлттық болмысын ашуға тырысқан қаламгер рухани жағынан азған тайпаның материалдық байлыққа ұмтылысын көрсетуге талпыныс жасайды. Осы орайда келтірілетін детальдар қызық, бір-біріне ұқсамайды, сонысымен де әңгіменің идеялық-көркемдік мазмұнын байыта түскен.