*МЕКТЕП ОҚУЛЫҚТАРЫ ТЕРМИНДЕРІНІҢ ТІЛДІК ЕРЕКШЕЛІГІ («ҚҰҚЫҚ НЕГІЗДЕРІ» ПӘНІ МЫСАЛЫНДА)
DOI:
https://doi.org/10.55808/1999-4214.2025-3.08Кілт сөздер:
терминология, мектеп оқулығы, азаматтық құқық, құқық негіздері, бірізділік.Аңдатпа
Бұл мақалада мектеп оқушыларына арналған «Құқық негіздері» пәнінің оқулығындағы терминология мәселесі лингвистикалық тұрғыдан талданады. Әсіресе, терминдердің бірізділігін қамтамасыз ету және олардың оқушыларға түсініктілігін арттыру үшін тарихи кезеңдердегі оқулықтар мен қазіргі оқулықтардың тілдік ерекшеліктері салыстырылады.
Зерттеудің өзектілігі - Алаш кезеңіндегі оқулықтарда құқықтық ұғымдарды қалыптастырудың іргетасы қаланғаны белгілі. Ол кезде құқық терминдерін қазақ тіліне икемдеу, ұлттық ұғымдарға сәйкестендіру бағыты басым болды. Кеңес кезеңіндегі «Әдеп.Қоғам.Құқық» оқулығы және сол тұстағы басқа да оқу құралдарында идеологиялық ықпалдың әсерінен терминдердің бірқатар өзгеріске ұшырағаны байқалады. Ал 2010 жылға дейінгі және 2017 жылдан кейінгі оқулықтарда жаһандану үдерісіне сай, халықаралық тәжірибеге жақындатып, терминдерді бір жүйеге келтіруге талпыныс жасалған.
Аталмыш мақалада оқулықтардың мазмұны мен тілі жас ерекшелігіне қаншалықты сай келетіні зерделенеді. Осы орайда құқықтық терминдерді ағылшын тіліндегі «Оксфорд сөздігімен» салыстыру арқылы терминдерді меңгертудің әдіс-тәсілдері айқындалады. Терминдердің өсу және күрделену деңгейі, яғни градациясы зерттеліп, оқушылардың құқықтық сауаттылығы мен жалпы құқықтық мәдениетін көтеруге әсері бағаланады. Сонымен қатар, мектеп оқулықтарында жиі кездесетін құқық салаларының терминдері – азаматтық құқық, қылмыстық құқық, әкімшілік құқық, халықаралық құқық және т.б. – статистикалық мәліметтермен дәлелденеді.
Жұмыстың ғылыми жаңалығы – соңғы жылдардағы (2010 жылдан кейінгі) мектеп оқулықтары мен тарихи тәжірибені салыстыра отырып, құқық саласындағы терминжасамдағы сабақтастықты анықтау.
Зерттеудің практикалық маңыздылығы – біріздендірілген терминдердің оқушыға түсініктілігін арттыру, құқық пәнін оқытуда қолданылатын ұғымдардың сапасын жоғарылату, құқықтық білім беру сапасын күшейту.
Зерттеудің дереккөзін 9-11 сыныпқа арналған «Құқық негіздері» оқулығының терминдері құрайды. Зерттеу жұмысында Алаш және Кеңес кезеңіндегі құқық терминдерін саралау үшін контент-талдау, ағылшын тіліндегі «Oxford Dictionary of Law» сөздігімен салыстыру үшін салыстырмалы және статистикалық талдау әдістері қолданылды.
