МӘШҺҮР ЖҮСІПТІҢ АҒАРТУШЫЛЫҚ БАҒЫТТАҒЫ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ПОЭТИКАСЫ

Авторлар

  • Аяулым Ерланова Торайғыров университеті

Кілт сөздер:

ағартушы-демократтық бағыт, діни-ағартушылық бағыт, поэтика, әдебиет теориясы, ХХ ғасыр басындағы әдебиет, сыншылдық сипат

Аңдатпа

Бұл мақалада ақын, философ, фольклортанушы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ағартушылық бағыттағы өлеңдерінің поэтикасы қарастырылады. Мақаланың мақсаты –  ақынның ағартушылық бағыттағы шығармаларының поэтикасын басқа шығармаларынан бөліп алып, заман талабына сай жаңаша зерделеу, ақынның ағартушылық қырын дәріптеу. Себебі қазақ әдебиетіне қомақты үлес қосқан Мәшһүр Жүсіптің шығармалары жанрлық тұрғыдан жіктеліп, зерттелініп, бірсыпыра ғылыми жұмыстар жазылса да ағартушылық бағыттағы туындыларын жеке қарастырудың өзектілігі жойылмады. Бұл бағыттағы шығармалары діни тақырыптағы, үгіт насихат тақырыбындағы, әлеуметтік сарындағы өлеңдермен бірге қарастырылып келді. Ақынның ағартушылық бағыттағы еңбектерінің әдебиетте өзіндік маңызы бар екенін байқауға болады.

Зерттеудің ғылыми, практикалық маңызы бар. «Мәшһүртану» курстарында, ХХ ғасыр басындағы әдебиет, өлкетану сабағында және жалпы әдебиет теориясы пәнінде де қолдануға болады.

Мәшһүр Жүсіп әдебиет жанрының барлық саласында қалам тербеген ақын. Өлеңдерден бастау алып, салмағы ауыр эпикалық туындыларға да назар аударған ол соңынан ірі-ірі дастандар қалдырды. Соңынан жиырма томдық мұра қалдырған ғұламаның еңбектері мұнымен шектелмей, прозаға да ұласады. Жазбагердің мерзімді баспасөз беттерінде жарық көріп тұрған мақалалары мен хаттарының яғни публицистикалық еңбектерінің өзі бір төбе. Ақынның шығармашылығы жөнінде бірнеше ғылыми жұмыстар жазылса да, әлі толық зерттелінді дей алмаймыз. Себебі қалдырған мұрасының қамтитын тақырып аумағы өте кең, жанрлық сипаты күрделі, көркемдік ерекшеліктерге бай, шығыс түркі әдебиетімен терең үндестігі, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаудағы қызметі, шығармаларының негізгі идеясы, шығармашылығының зерттелінуі көп жылдық тынымсыз еңбекті талап етеді. Осынау мол мұра иесінің бүгінгі ғылыми жұмысымызға арқау болған туындысы үлкен еңбектің бір тамшысы іспеттес.

ХХ ғасыр басындағы қоғамдық жағдай көрінісі сол дәуір өкілдерінің шығармаларына арқау болды. Себебі әдебиет – өмір айнасы. Бостандыққа, азаттыққа ұмтылу, халықты оқу-өнерге, білім-ғылымға шақыру, саяси-әлеуметтік келеңсіздіктер ұлтына жаны ашыған, жүрегі ұлтым деп соққан әр ұлт жанашырының көкейтесті мәселесіне айналды. Халықты осы келеңсіздіктен құтылудың бірден бір жолы оқу білімде деген идеяны ұстанды. Халықты «оятуға» тырысты. Осы тұстан ХХ ғасыр басындағы әдебиеті азаттық ұмтылу, халықты «ояту» әдебиеті болғандығында деп тануымыз қажет. Осы мәселелерден Мәшһүр Жүсіп те қалыс қалған жоқ.

 

Автор жайлы мәлімет

Аяулым Ерланова, Торайғыров университеті

- PhD докторант

Downloads

Жарияланды

2023-01-06

Журналдың саны

Бөлім

Әдебиеттану