«ҚЫРЫҚ МЫСАЛ»: ЖИНАҚТЫҢ ЖАРИЯЛАНУ ТАРИХЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫМЕН ҮНДЕСТІГІ
Keywords:
forty examples, literary translation, A. Bokeikhan, A. Alektorov, Omsk, unity.Abstract
А.Байтұрсынұлының орыс ақыны И. Крыловтан аударған «Қырық мысал» жинағы – ХХ ғасыр басындағы ағартушылық әдебиеттің шоқтығы биік туындыларының бірі, қазақ руханиятындағы орны бөлек рухани құбылыс. И.Крыловтың мысалдары қазақ даласына әскери бекіністер мен сауда қалаларында ашылған орыс-қазақ мектептерінің оқу үрдісіндегі пәндерді оқыту және саяси қуғын-сүргінге ұшырап Ресейдің орталық бөлігінен қазақ даласына жер аударылып келген демократ ақын-жазушылар мен оқымысты кісілері арқылы кеңінен тарайды. Ақынның мысалдары ХІХ ғасырдың ІІ жартысында ағартушылық идеяларды тұтынған Ы.Алтынсарин, Абай Құнанбайұлы сынды ақын-жазушылардың шығармашылығына да арқау болады.
Аударма жинақ автор тарапынан баспаға 1903 жылы дайын болады, бірақ патшалық режим цензурасының кедергісіне ұшырап көп жылдар баспа бетінен жарияланбайды. «Қырық мысалдың» қолжазба нұсқасымен алғаш танысқан кісілердің бірі – Ә.Бөкейхан. Ол А.Байтұрсынұлының мысалдарын «ғажайып жырлар» (чудные стихи) деп танып, жинақтың баспа бетінен жариялануына көп еңбек сіңіреді. Ә. Бөкейханның тынымсыз ізденісінің арқасында «Қырық мысал» 1909 жылы Петерборда жарық көреді. Алаш көсемі аударма өлеңдерді сатиралық жанрдағы көркем шығармашылықтың биік көрінісі деп бағалайды.
Аударма жинақта ағартушы А.Байтұрсынұлы ақын ретінде ғана емес, ойшыл тұлға ретінде де көрінеді. Ақынның өлеңдерінде ұлт бірлігі мәселелері, әлеуметшілдік сарындар басым орын алады. Ақын қазақ арасындағы тұрмыстық, ментальдік, психологиялық көріністерді дәл бере білу арқылы өмірдің шынайы бейнесін нақтылай түседі. Ақын әрбір шығармасының соңына өзінің ойын, айтайын деген түйінді мәселелерді сәйкес қосып отырған. Ақынның басты ұстанған идеясы – қазақ халқын елдік мәселерге ұйыстыру, елдің қалпын, яғни мінезін түзеу еді. Бұл тұрғыда ол Абайдың өлеңдеріндегі қазақ тұрмысын, ментальдік ерекшеліктерін сынау көрінісін жаңа заман сарынана лайық сарында жаңғыртады.
Жұмыстың танымдық тұжырымдарын, теориялық нәтижелерін «Әдебиет тарихы», «Этнолингвистика», «Лингвомәдениеттаным» сынды курстарда пайдалануға болады. Сонымен қатар, «Стилистика және тіл мәдениеті», «Көркем мәтінді лингвистикалық талдау», «Әдебиет теориясы» пәндері бойынша өтетін тәжірибелік сабақтарда көмекші материал ретінде қолдануға болады.