*КИЕЛІ АЛТАЙДЫҢ ТАБИҒАТЫ МЕН ТОПОНИМИКАЛЫҚ АҢЫЗДАРЫНЫҢ КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ КӨРІНІСІ
DOI:
https://doi.org/10.55808/1999-4214.2026-2.17Кілт сөздер:
Алтай, табиғат, топонимикалық аңыз, тарихи аңыз, жазушы, көркем шығарма, идея, көркемдік шеберлік.Аңдатпа
Мақалада Шығыс Қазақстанның көрікті жері Алтайдың табиғаты мен аңыздарының көркем шығармада суреттелуі арнайы зерделенеді. Алтайдың сұлу көркі, тереңге тартқан тарихы, бай шежіресі бар осындай тамаша табиғат аясында дарынды адамдар мен қарымды қаламгерлер шыққаны сөз болады. Ғажайып өлкеде туған Оралхан Бөкей, Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханов, Әлібек Асқаров, Асқар Алтай қазақ әдебиетінің алтын қорына мол қазына әкелгені айтылады. Сөз зергерлері Алтайдың шыңдарын, сұлу табиғатын, сол мекенге тән жұмбақ сырларын суреттеп, тамаша туындыларымен проза жанрын дамытып биік деңгейге көтергені анықталады. Шығыс Қазақстанның, Алтайдың киелі жерлеріне қатысты аңыздар ел арасында көп таралғаны, оларды жазушылар шығармаларында қалай қолданғаны мақала арқауына өзек болады. Автор фольклордағы аңыздың теориялық анықтамасы мен оның түрлеріне тоқталып, М.Әуезовтің, С.Қасқабасовтың ғылыми тұжырымдарын негізге алады. С.Қасқабасовтың тарихи аңыздар және топонимикалық аңыздар деп екіге бөліп қарастыратынын басшылық етеді.
Табиғат сұлулығын көркем суреттеген О.Бөкей шығармаларында мифтік аңыздық сипаттың басым, әсіресе «Қар қызы», «Сайтан көпір», «Мұзтау» повестерінде екені аталады. Жазушының «Жылымық» әңгімесіндегі Қаракөл аңызына, «Мұзтау» повесіндегі Мәметек би туралы аңыздардың көркем шығармадағы қолданысына талдау жасайды.
Қара сөздің шебері Қалихан Ысқақтың «Қараорман» романындағы басты кейіпкер Сиғаттың ауыл арасында айтылып жүрген жұмақты іздеу аңызына тоқталады.
Шығыс Қазақстанның киелі жерлерінің аталуы туралы аңыз әңгімелерге, соның ішінде ел ішінде көп таралған Марқакөл туралы аңызды А.Алтайдың «Былғары табыт» романынан тауып анықтайды. Марқакөл деп аталу себебін айтатын ел арасында тараған аңызды жазушының шығармада идеялық-көркемдік тұрғыдан бейнелегені дәлелденеді. Осы сияқты Қызбейіт деп атауға байланысты аңызды жазушының
«Қызбейіт» әңгімесінде шебер қолданғаны мақалада талданады.
