АСҚАР АЛТАЙ ПРОЗАСЫНДАҒЫ ИНТЕРМӘТІН ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ СЕМИОСФЕРА
DOI:
https://doi.org/10.55808/1999-4214.2026-3.14Кілт сөздер:
проза, интермәтін, ұлттық семиосфера, Туажат, Казино, мәдени жадАңдатпа
Көркем мәтін – жазушы танымының нәтижесі ғана емес, сонымен қатар белгілі бір этностың тарихи жадында, тілдік тәжірибесінде, мәдени дәстүрінде, дүниетанымдық модельдерінде қалыптасқан көпқабатты таңбалық жүйенің көрінісі. Сондықтан көркем туындының ішкі құрылымын, мағыналық қабаттарын және мәтін түзуші механизмдерін айқындауда қазіргі филологияда «интермәтін» ұғымы маңызды теориялық категория. Интермәтіндік қатынас мәтіннің өзге мәтіндермен мағыналық, құрылымдық және мәдени байланысқа түсуі арқылы жүзеге асады. Яғни әрбір көркем шығарма дербес семиотикалық тұтастық ретінде қабылданғанымен, оның мағынасы өзінен бұрынғы мәтіндермен, мәдени кодтармен, прецеденттік құрылымдармен сабақтастықта ашылады.
Осы теориялық ұстаным тұрғысынан қарастырғанда, Асқар Алтайдың «Туажат» және «Казино» туындылары қазіргі қазақ прозасындағы интермәтіндік байланыстар мен ұлттық семиосфераның өзара әрекетін айқын танытатын көркем жүйесі. Бұл шығармаларда бір жағынан мифологиялық модельдер, фольклорлық реминисценциялар, мақал-мәтелдер, діни формулалар, тарихи-мәдени жад элементтері белсенді қолданысқа түссе, екінші жағынан әлемдік әдеби канонға тән прецедентті атаулар, еуропалық топонимдер, әлемдік тілдік бірліктер, урбанистік кеңістік атаулары мен техногендік өркениет белгілері қатар өріледі. Соның нәтижесінде мәтін ішінде әртүрлі мәдени кодтардың тоғысуы жүзеге асып, ұлттық және жаһандық семиотикалық қабаттардың өзара қақтығысы мен үйлесімі көркем семантиканың негізгі ұйымдастырушы тетігіне айналады.
