ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ КОНТЕКСТЕ КӨРІНУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
Кілт сөздер:
фразеологизм, контекст, бірлік, антонимдер, тіл, лексика.Аңдатпа
Қазақ тіл білімінде фразеологиялық антонимдерді зерттеудегі өзекті мәселелердің бірі – олардың контексте көрінуі. Сондықтан фразеологиялық бірліктердегі антонимияны контексте қолданылу аясына қарай анықтау маңызды деп танимыз. Контекст – фразеологизмдердегі қарама-қарсылықтарды анықтаудың негізгі критерийлерінің бірі болып табылады. Фразеологиялық антонимдерді контекст ауқымында қарастыру, олардың стилистикалық қасиетін анықтауға, фразеологиялық бірліктердің арасында болуы мүмкін антонимдік өзара қатынастардың формаларын ажыратуға негіз бола алады. Фразеологизмдердің антонимдік қатынасы көркем шығарма тілінде айқын және нақтырақ болып келеді. Кез келген көркем туынды түрлі тілдік құралдар арқылы жүзеге асып, шығарманың маңызын арттыра түсері анық. Дәл осындай ерекше қасиетті фразеологиялық антонимдер де игереді. Адамның түрлі мінез-құлқына, әлеуметтік жағдайына, өміріне қатысты қарама-қарсы құбылыстарды салыстыру, тіпті табиғат құбылыстарының қарама-қарсы жағы жазушы шығармаларында фразеологизмдер арқылы шебер, дәл беріледі. Алайда, тіл білімінде антонимдердің контексте берілу қасиеті туралы пікірлер мен тұжырымдар тек лексикалық бірліктерге қатысты айтылған, топтастырылған.
Фразеологизмдер көркем шығарма тілін жандандырумен бірге, шығарма тіліне ұлттық колорит те береді.Фразеологизмдерді өз орнында жұмсай білу қалам қайраткерлерінің сөз қиюластыру шеберлігімен, халық тілі қазынасын қаншалықты игергендігімен ұштасып жатады.