ТЕРМИНОЛОГИЯДАҒЫ АНТОНИМИЯ (ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ АНТОНИМДЕР СӨЗДІГІ НЕГІЗІНДЕ)
Кілт сөздер:
лексикография, терминология, антонимия, антоним, тіл, мәтін, терминологиядағы антонимдердің оппозициясы.Аңдатпа
Мақалада антонимдердің сөздіктерде берілу сипаты қарастырылады. Лексикалық жүйелі қатынастар, оның ішінде синонимдер мен семантикалық өріс көлеміндегі антонимдердің өзара қарым-қатынасы, көп мағыналылықтың сөздер арасындағы семантикалық қатынасқа ықпалы, антонимдік қатарлардың түзуіне әсері, сондай-ақ антонимдердің сөзжасамдық байланыстарының сөздіктердегі көрінісін зерттеудің өзіндік маңызы айқындалады. Лексикографияда антонимдер сөздігінің көптеген түрлері бар. Олардың бір-бірінен айырмашылығы сөздіктердің жалпы тұжырымдамасынан, сөздік құрылымынан, көлемі мен қай салаға жақындығынан аңғарылатыны рас.
Қазақ тілінің антонимдер сөздігі арқылы терминологиядағы антонимияның қызметі сараланып, антонимиялық қатынастар – тіл лексикасындағы жүйелі байланыстардың түрі болып саналатыны мысалдармен көрсетіледі. Антонимдік қатынастағы сөздер өзара қарама-қарсы мағынада қолданылады да, жеке топ құрайды. Антонимдер сөздігінің мақсаты мен міндетіне лексикалық бірліктерді мағыналық қарама-қарсылық жағынан сипаттау жататындығы, антонимдер әртүрлі түбірден де, түбірлес сөздерден де жасалуы мүмкін екендігіне назар аударылып, түбірлес сөздерден жасалған антонимдердің сөздегі мағынасы еш уақытта қарсы мағынаны аңдайтпайтыны көрсетіледі. Қарама-қарсы мағыналы сөздердің пайда болуы сыртқы ортамен байланысты. Логикалық-философиялық мазмұн бойынша, тілдік антонимия қарама-қарсылықтың тілдегі көрінісі болып саналатыны жан-жақты талданады.