ДОСПАМБЕТ ЖЫРАУ ТОЛҒАУЛАРЫНДАҒЫ ЭКЗИСТЕНЦИЯЛЫҚ МӘН
Кілт сөздер:
Доспамбет жырау, аңсау, өкінбеу, толғау, экзистенция, синкреттілік.Аңдатпа
Мақалада Доспамбет жырау толғауларындағы экзистенциялық мәннің көрінісі жан-жақты қарастырылған. Жырау шығармашылығындағы өмір мәнінің түйіні, сағыныш пен өткен ісіне деген өкінішсіз істерінің жиынтығынан құралған. Толғауларында жиі ұшырасатын аңсау, сағыныш, өкінбеу концептілері жыраудың тұлғалық бейнесін сипаттап тұр. Қысқа өмірінің басым бөлігі жаугершілік жорықтармен өткен Доспамбет жыраудың туындыларының басты тақырыбы – ерлік пен елдік жолына бағытталған. Ұрыс даласында кескілескен шайқастарды өткере жүріп, импровизаторлық күш-қуатын да көрсете білген. Поэтикалық қуаты қаһармандық мінезбен ұштасқан Доспамбеттің бізге жеткен туындыларының өзегі, өкінбестен еш қаймықпастан қиындыққа мойымай қарсы тұру. Ерлік пен елдікке жету жолындағы күрес, елді аңсау, өткенге деген өкінішсіз сағыныш – Доспамбет жыраудың өмір сүрудегі ерекшелігі мен өзіне берілген миссияны мүлтіксіз орындай алған ержүрек батыр екенін айқындап тұр.
Мақаланы жазу барысында әдеби талдаулар, салыстыру, поэтикалық талдау әдістері қолданылған. Нәтижесінде Доспамбет толғауларындағы негізгі мән мен мазмұн анықталды. Доспамбет жырау толғауларындағы негізгі ой мен түйін, басқа да жыраулар шығармашылығымен ішкі үндестік салыстыру әдісі арқылы талдау жұмыстары жүргізілген. Аңсау мен өкінбеу ұғымдары басқа ғылым салаларында қалай көрініс беретінін және қазақтың таным түсінігіндегі орны кеңінен талқыланады. Доспамбет жырау толғауларының синкреттілік қырлары кеңінен қарастырылады. Доспамбет жырау шығармашылығындағы негізгі ой-толғамдар әдеби талдаулар негізінде сараланып, ғылыми пікірлер ұсынылады. Доспамбет жыраудың тұлғалық қасиетінің ерекшелігі турасында толғауларынан мысалдар келтіріледі. Ғылыми зерттеу жұмыс кезінде тақырыпқа қатысты ғалымдар мен зерттеушілердің пікірлері ескерілді.