*АСҚАР АЛТАЙДЫҢ «ТУАЖАТ» РОМАНЫНДАҒЫ ОКСЮМОРОНДЫҚ БЕЙНЕЛЕУ ТӘСІЛІ
DOI:
https://doi.org/10.55808/1999-4214.2025-2.12Кілт сөздер:
оксюморондық бейнелеу, Асқар Алтай, қазақ әдебиеті , оксюморон , контрастАңдатпа
Бұл мақалада қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілі Асқар Алтайдың «Туажат» романындағы оксюморондық бейнелеу тәсілінің көркемдік қызметі жан-жақты талданады. Автор туындысында қарама-қайшы мағыналы сөздерден құралған тіркестер арқылы кейіпкердің ішкі жан әлемін, оның қайшылықты болмысын, сондай-ақ қоғамдағы рухани дағдарысты терең де әсерлі жеткізе білген. Зерттеу барысында оксюморон ұғымының әдеби-теориялық негіздері, антонимдік құрылымдардың рөлі, көркемдік-поэтикалық қызметі талданып, әлем және қазақ әдебиетіндегі оксюморонды қолданудың ерекшеліктері қарастырылды.
Мақалада «тамұққа түскен сәуле», «өлі тыныштық», «тірі тұлып» тәрізді тіркестерге мәтіндік, семантикалық және прагматикалық талдау жасалып, олардың символдық мәні мен стилистикалық қуаты ашылады. Бұл тіркестер арқылы автор кейіпкердің ішкі арпалысын, рухани күйзелісін, жатсынуын, өмір мен өлім, жарық пен түнек арасындағы күресін шебер жеткізеді. Оксюморон тәсілі романның идеялық мазмұнын тереңдетіп, кейіпкер психологиясын даралауға үлкен үлес қосады.
Зерттеу барысында оксюморон тек стилистикалық құбылыс ретінде ғана емес, сонымен бірге көркем мәтіннің астарлы, философиялық, мәдени кодтарын жеткізетін құрал ретінде қарастырылады. Авторлық қолданыстарда оксюморон кейіпкердің ішкі күйін айшықтап, қоғамдағы кереғарлықтарды көркемдік деңгейде танытуға мүмкіндік береді. Асқар Алтай романына тән оксюморондар поэтикалық тәсіл ғана емес, тұтас шығарманың метафоралық құрылымын құрайтын өзекті элементтер ретінде қызмет атқарады.
