БИЗНЕС ТЕРМИНОЛОГИЯСЫНДАҒЫ КІРМЕ СӨЗДЕРДІҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.55808/1999-4214.2026-1.08Кілт сөздер:
нарық, экономика, іскерлік, мағына, англицизмАңдатпа
Бизнес терминологиясындағы кірме сөздердің ерекшеліктерін зерттеу қазіргі таңда өзекті мәселелердің бірі саналады. Бизнес саласының интернационализациясы мен жаһандануы ағылшын тіліндегі көптеген терминдердің әлемнің басқа тілдеріне, соның ішінде қазақ тіліне де енуіне әкелді. Бұл кірме сөздер тілдік, мәдени және кәсіби ортаға елеулі ықпал етіп, жаңа терминологияны қалыптастырды. Ағылшын тіліндегі бизнес терминологиясындағы кірме сөздердің ерекшеліктерін зерттеу тіл білімінің маңызды салаларының бірі болып табылады. Бұл зерттеу арқылы экономикалық және іскерлік қарым-қатынаста қолданылатын терминдердің шығу тегін, олардың қазақ тіліне ену жолдарын және қолдану ерекшеліктерін анықтауға болады. Ағылшын тіліндегі бизнес терминологиясында кірме сөздер нарықтық қатынастар, қаржы, менеджмент және технологиялар салаларында кеңінен қолданылады. Әдетте, бұл сөздер қысқа әрі түсінікті болғандықтан, ақпаратты дәл жеткізуге мүмкіндік береді. Мысалы, "outsourcing", "benchmarking", "brainstorming" сияқты сөздер халықаралық деңгейде танымал болып, көпшілікке түсінікті ұғымдарға айналды. Ағылшын тіліндегі бизнес терминологиясындағы кірме сөздердің қазақ тіліне енуін зерттеу арқылы бұл сөздердің қалай қабылданатынын, жаңа мағыналарға ие болатынын және қазіргі іскерлік ортада қаншалықты кең таралғанын көруге болады. Бұл зерттеулер қазақ тілінің терминологиялық қорын дамытуға және іскерлік тілдің ұлттық негізін қалыптастыруға көмектеседі.
Мақаланың мақсаты - кірме сөздердің пайда болу себептерін, олардың тілдегі орнын, сондай-ақ олардың бизнес коммуникациясына әсерін анықтау болатын. Мақаланы жазу барысында линвистикалық, лексикалық-семантикалық талдау әдісі, салыстырмалы-тарихи әдіс, сауалнама алу әдістері кеңінен қолданылды.
Жалпы, кірме сөздердің адаптациясы екі негізгі жолмен жүзеге асады: транслитерация және калька әдісі. Транслитерация барысында ағылшын сөздері сол қалпында қабылданады немесе жазылуы өзгертіледі, бірақ мағынасы сақталады. Мысалы, "маркетинг" (marketing), "менеджмент" (management), "офис" (office). Калька әдісімен сөздер ағылшын тіліндегі мағынасына сай аударылып қолданылады, мысалы, "адам ресурстары" (human resources), "қосымша құн" (added value). Кірме сөздер халықаралық деңгейде стандартты терминология құруға мүмкіндік береді, бұл әр түрлі мәдениет өкілдерінің бір-бірін жақсы түсінуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, бұл терминдер белгілі бір компанияның ішкі корпоративтік мәдениетін көрсетіп, оны сыртқы ортадан ерекшелейді. Кірме сөздердің шамадан тыс қолданылуы кейде тілдік ассимиляцияға және мәдени ерекшеліктердің жойылуына әкелуі мүмкін.
