«CЕНІМСІЗДІК» МОДАЛЬДІ РЕҢКІНІҢ МӘТІНДЕГІ КӨРІНІСТЕРІ
DOI:
https://doi.org/10.55808/1999-4214.2026-2.12Кілт сөздер:
субъективтік модальділік, құрылымдық грамматика, функционалды грамматика, мәнмәтін, модальді реңкАңдатпа
Мақалада «сенімсіздік» модальді реңкті қалыптастыратын тілдік амалдардың қызметі құрылымдық және функционалды грамматика деңгейінде салыстырыла талданады. Құрылымдық грамматика аясында «сенімсіздік» реңкін қалыптастыратын тілдік амалдардың дербес сөйлемдер құрамындағы функциясы сараланып, бұл деңгейде олардың бір бағытты, тұрақты қызмет атқаратыны ажыратылады. Функционалды грамматикада «сенімсіздік» модальді реңкі сөйлемаралық, мәнмәтінаралық байланыстан анықталатыны нақты мысалдармен дәлелденеді. Бұл жағдайда жасалу жолдарының қозғалмалы, құбылмалы болатыны және оның себептері айқындалады. Олардың көп қырлы қызметінің қалыптасуы мәтіндегі семантикалық кеңістіктің әсерімен, тілдік амалдардың прагматикалық қызметінің және когнитивтік уәждердің ықпалымен пайда болатыны сипатталады. Соның нәтижесінде модальділіктің күрделі құрылымын басқа құбылыстармен бірлікте қарауға, тілдік амалдардың көп функциялы қызметін айқындауға қол жеткізіледі. «Сенімсіздік» субъективтік модальділіктің бірнеше сөйлем бірлігінен дараланатын құрылымы негізінде бұл санаттың астарлы семантикалық байланысты, синтаксистік бірліктерді сабақтастыра (кем дегенде екі сөйлем аралығында, мәнмәтінде, мәнмәтінаралықта) талдауды қажет ететін күрделі жүйесі негізделеді. Функционалды бағытта «сенімсіздік» модальді мәнді ажыратуға тірек болатын хабарлы, сұраулы сөйлемдердің, астарлама қызметінде дайын қолданыстар ретінде жұмсалатын мақал-мәтелдердің, аналогиялық теңеулер қызметіндегі күрделі құрылымдар бір функцияны атқарып, талданған модальді мәннің өрісіне біріге алатыны сипатталады. «Сенімсіздік» модальді мәнінің жасалуына негіз болатын қаратпа, қыстырма, одағай сөздердің көп функциялы қызметі, оның ішінде сенімсіздік реңкті түрлендіруі салыстырыла дәйектеледі. Нәтижесінде субъективтік модальділіктің категориялық дербестігін дәлелдеуге үлесі бар қорытындылар жасалады.
