М.Х.ДУЛАТИ МҰРАЛАРЫ АКАДЕМИК Ә.ДЕРБІСӘЛІ ЗЕРТТЕУЛЕРІНДЕ
DOI:
https://doi.org/10.55808/1999-4214.2026-2.22Кілт сөздер:
М.Х.Дулати, тарихи кезең және тағдыр, тұлғатану, биографиялық анықтамалық, «отбасылық зират»Аңдатпа
Мақалада XVI ғасырдағы қазақ халқының даңқты перзенттерінің бірі, атақты тарихшы, ақын-жазушы, жан-жақты дарын иесі Мұхаммед Хайдар Дулатидің өмірі мен шығармашылығын зерттеудегі академик Әбсаттар Дербісәлінің еңбектері қарастырылды. ХХ ғасырдың 90-жылдарының басынан бастап дулатитану бағытында белсенді, үздіксіз жұмыс атқарған ол еңбегін бірнеше бағытта жүргізді. Алғашқылардың бірі болып «Тарих-и Рашиди» еңбегі, «Жаһан наме» дастаны туралы танымдық-зерттеушілік мақалаларын жазып, халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияларда баяндамалар жасады. 90-жылдардың соңында Дулати еңбектерінің, зерттелуінің библиографиялық анықтамалығын құрастырып шығарды. Ұлы бабаның зиратын табуда көп ізденіс жұмыстарын жүргізіп, Үндістан Республикасы Кашмир штаты Сринагар қаласындағы «Мазар-и салатин» көне қорымынан тапты. «Жаһан наме» дастанын Берлин және Үрімші нұсқаларын салыстыра отырып, қазақ тіліне аударып, транскрипциясын, факсимилиясын жасап, қазақ оқырмандарымен табыстырды. Дастан туралы кең көлемді зерттеу еңбегін жазды. Бұдан кейін де «Мұхаммед Хайдар Дулати Қазақстан ғалымдарының зерттеуінде» атты ғылыми жинағын құрастырып шығарды. Ә. Дербісәлі зерттеулерінің маңызы Дулати мұрасын шетелдік зерттеуші ғалымдардың еңбектерін салыстыра қарастырып, тың тұжырымдар жасайды. Әсіресе ұлы тұлға өмірінің соңғы жылдарына және қаза табуына қатысты материалдарды жинақтап саралауда көп ізденіс жұмыстарын жүргізді. Үндістандағы қазіргі дулатитанушы ғалым Мансура Хайдармен тығыз шығармашылық байланыс жасап, оның архив матеиалдарына бай ғылыми еңбегін аудартуға еңбек сіңірді. Зерттеу жұмысында осы және өзге де Дулати мұрасына қатысты академик Ә. Дербісәлі еңбектері сипатталып талданады. Мақалада ғалым еңбегін танытуда биографиялық, салыстырмалы-тарихи, феноменологиялық әдістер қолданылған.
